"Алаш" ұлт-азаттық қозғалысының негізін қалаушы және оның көсемі Әлихан Бөкейхан. 1937 жылдың қыркүйегінде жалған айыппен Мәскеуде өлім жазасына кесіліп, 71 жасында сол жерде атылған.
Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы. 1929 жылы Алаш қозғалысының 43 қайраткерімен бірге Алматыда тұтқынға алынды. 1930 жылы ату жазасына кесілді. Бірақ бұл шешім бірнеше рет өзгерді. 1933 жылы мамырда денсаулығы нашарлап кетуіне байланысты қалған мерзімді Батыс Сібірде айдауда жүрген отбасымен бірге өткізуге рұқсат беріледі. Алайда 1937 жылы қамауға алынып, екі айдан соң 65 жасында атылды.
"Оян, қазақ!" деп ұран салған Міржақып Дулатұлы 1928 жылы қамауға алынып, он жылға сотталды. Кейін Сосновец лагеріне айдалып, 1935 жылы қазанда елу жасқа қараған шағында тұтқында қайтыс болды.
Түркістан автономиясын құрушы Мұстафа Шоқай. 1918 жылы Түркістан автономиясы құлағаннан кейін Кеңес өкіметі оның басына бір миллион рубль тігеді. Қайраткер бас сауғалап Еуропаға қарай қашады. 1941 жылы 27 желтоқсанда 51 жасында Берлинде жұмбақ жағдайда қайтыс болады.
"Мен жастарға сенемін!" деп ұран салған ақын, Алаш қайраткері Мағжан Жұмабай. 1929 жылы "Алқа" атты жасырын ұйым құрды деген айыппен Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалып, 10 жылға Карелияға айдалып кетеді. 1936 жылы Максим Горькийдің әйелі Елена Пешкованың араласуымен жаза мерзімі жеті жылға кеміп, Мағжан еліне оралады. 1938 жылы 44 жасында "халық жауы" ретінде атылып кетті.
Мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұл. 1937 жылы Кисловодскіде демалыста жүрген Рысқұлов "пантүрікшіл", "халық жауы" деген айыппен тұтқынға алынды. Қуғын-сүргінге ұшыраған қайраткер 1938 жылы 43 жасында Мәскеу түрмесінде жүрек ауруынан қайтыс болды.
Алаш қозғалысының қайраткері, қазақтың алғашқы дәрігерлерінің бірі Халел Досмұхамедұлы. 1932 жылы ОГПУ үштігінің шешімімен Воронеж қаласына бес жылға жер аударылды. 1938 жылы жалған саяси айыппен екінші рет тұтқынға алынып, 1939 жылы сәуірде əскери трибуналдың үкімімен ату жазасына кесілді. Көп ұзамай сол жылы тамызда 56 жасында Алматыдағы түрме ауруханасында өкпе ауруынан қайтыс болады.
Алаш қайраткері, қазақтың көрнекті жазушысы Жүсіпбек Аймауытов. 1929 жылы басталған кеңестік қуғын-сүргін кезінде Қазақстандағы ұлтшылдық ұйыммен байланысы бар деген жаламен тұтқындалып, ұзақ тергеуден кейін 1931 жылы 41 жасында Мәскеудегі Мәскеудегі Бутырка түрмесінде атылды.
Алаш қозғалысының негізін салушылардың бірі, қазақтан шыққан тұңғыш инженер Мұхаметжан Тынышбайұлы. 1930 жылы тұтқындалып, Воронежге бес жылға жер аударылады. Елге оралғанымен, 1937 жылы қараша айында қайта тұтқындалып, 1937 жылы Ташкент түрмесінде "Халық жауы" деген желеумен атылады.
Мемлекет қайраткері, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы Сәкен Сейфуллин. 1938 жылы "буржуазиялық ұлтшыл" деген айыппен тұтқындалып, 44 жасында Алматы НКВД-сының қабырғасында атылады.