"Қошқармүйіз" ою-өрнегі қойдың төбесі мен екі жаққа иіріле түскен мүйізі мен қолтық тұсынан құлағы шолақ мүйіз тәрізденіп екі буын болып шығып тұрады. Ою-өрнекті анықтап қараған адамға қошқардың тұмсық пішіні бірден аңғарылады.
Бітпес – ою-өрнектің ерекше түрі, әрі үздіксіз жалғаса беретін осындай ою-өрнектер салынған немесе кестеленген киіз, яғни түскиіз түрі. Киізге аталмыш ою-өрнекті бұлдап ойып жасап алып, бастырып, әдіптеп тігеді. Мұны түскиіз деп атайды.
"Төртқұлақтың" төрт тармағына зооморфты немесе өсімдік ою-өрнегі қондырылған. Оның ортасындағы сызықтың төрт тармағына мүйіз элементі жалғанып, күрделі композиция құрайды. Бұл элементтер рулық, тайпалық таңбаны, тотем аң-жануардың шынайы суретін береді.
"Жауқазын" – жауқазын өсімдігін тұспалдайтын ою.
"Құсқанаты"- мүйіз оюы немесе шахмат шаршылары бейнеленген құстың қанаты тәріздес ою-өрнек. Бұйымдарда көп қолданылатын бұл ою қанатын жайып ұшып жаткан құсты тұспалдайды.
"Сынық мүйіз". Морт сынған тік төртбұрыш жасап, төрт рет ішке қарай иіледі. Бұл ою-өрнек кілемдерді, шилерді, басқұр мен алашаларды, басқа да бұйымдарды безендіру үшін пайдаланылады. Сырт көрінісі малдың сынған мүйізіне ұқсайды.
"Жұлдыз" ою-өрнегі космогониялық элементтерге жатады. Көшпенділердің қолөнері мен зергерлік бүйымдарында төрт, бес, алты, сегіз жұлдыз болып қолданады.
Өсімдік өрнегі жапырақ, гүл, сабақша, өткізбе, шиыршық, тамыр түрінде және жаңадан ашылып келе жатқан жауқазын бейнесінде ұшырасады. Олар тұрмыстағы ағаш бұйымдарда жиі кездеседі.
"Сыңармүйіз" мүйізді ою-өрнектердің тек бір жақ сыңары ғана бейнеленеді. "Сыңармүйіз" элементі сақтардың (скиф) киіз бұйымдары мен түкті кілемдерінің шетіне жиектеліп салынған. Шебер орналастырған «сыңармүйіз» ою-өрнегі композицияда дараланып тұрмай, жымдасып келеді.
"Шеңбер" барлық қолөнер саласында кездесетін рәміздік, рулық таңбалар. Шеңбер және жыл санауда да күннің басталуы мен аяқталуын білдірген. Шеңбер – Тәңір, Космос, Күн, Ай, Жұлдыз космогониялық таңбалардың рәміздік белгісі және жыл айналымын көрсететін таңба.