Қуырылған бидайдан, арпадан, жүгеріден ұнтақтап дайындалатын тағам талқан деп аталады.
Мипалау жасау үшін қойдың пісірілген миына құйқа, ішек-қарын, бауыр, құйрық май араластыру қажет. Кейін оны қымыз, айран, сорпа сынды тұздықпен ұсынады.
Енді қайнап келе жатқан сүтке бал мен ұн қосу арқылы жасалатын тағам балқаймақ деп аталады. Кей өңірлерде оны қуырылған ұнға бал мен қаймақ қосып, қыздыру арқылы да жасайды.
Қуырылған ұн немесе жармаға қойдың шыжғырылған іш майын қосып, үстіне қайнаған су құйып, араластыру арқылы жасалатын тағам быламық деп аталады.
Жаужүрек қойдың бауырынан жасалады. Оның құрамында қорқынышты жоятын гормонға әсер ететін элемент болғандықтан, ерлер мен жас балаларға береді.
Өрметөс – қой төсінен жасалатын тағам. Оны күйеу балаға береді.
Қазақ үлпершекті ұзатылған қыздың сыбағалы асы ретінде әзірлеген.
Бұжыны жасау үшін ет, жүрек, бауыр, майды турап, дәмдеуіштер мен пияз, бұрышты араластырып, қарынға салады да, аздап су құяды. Содан соң қазандағы суға салып қайнатады.
Нарын – піскен ет пен қамырды ұсақтап турап, үстіне тұздық құйып берілетін тағам.
Жаубүйрек – ұлттық тағамның бір түрі. Жаңа сойылған малдың құйрық майы, өкпе-бауырын жұқалап турап, істікке кезектеп шаншып, отқа қақтап пісіреді.